Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Балаларды ерте дамыту институты әзірлеген «Мектепке дейінгі ұйымдар және жалпы білім беретін мектептердің мектепалды сыныптарында Наурыз мерекесіне арналған ертеңгіліктерді ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқаулыққа» сәйкес келесіні хабарлаймыз.
Іс-шараларды ұйымдастыру барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мерекелік мәдениетті қалыптастыру, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту басты назарда болуы тиіс.
Мерекені атап өту кезінде музыкалық материалдар балалардың жас ерекшеліктеріне және тәрбиелік мақсатқа сәйкес болуы тиіс:
- тойларда орындалатын хит әндерді («Балқия», «Қызыл раушан», «Сен керексің» және т.б.) пайдалануға;
- мәтіні балаларға түсініксіз немесе ересектерге арналған әндерді орындауға (рэп, хип-хоп және т.б.), бейнеклиптерді қайталап сомдауға;
- шамадан тыс қатты дыбысты және агрессивті ырғақты музыкаларды қолдануға;
- музыкалық шығармалардың мазмұны мен орындау мәнері балалардың тәрбиесіне кері әсер етуі мүмкін репертуарды мерекелік шараның бағдарламасына енгізуге қатаң тыйым салынады.
Ұсынылады:
- қазақ халық әндерінің балалардың жасына сәйкес нұсқалары;
- балаларға арналған көктем, достық, табиғат туралы әндер;
- ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалатын әуендер.
Мұндай репертуарлар балалардың музыкалық қабілеттерін дамытып, ұлттық мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға және мерекелік іс-шаралардың тәрбиелік мазмұнын күшейтуге мүмкіндік береді.
Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, би қойылымдары қарапайым, түсінікті және тәрбиелік мәні бар мазмұнда ұйымдастырылуы тиіс. Би қозғалыстары балалардың дене дамуына, қимыл үйлесімділігіне, эстетикалық талғамының қалыптасуына және мерекелік көңіл-күйдің артуына ықпал етуі қажет.
Сонымен қатар, би элементтері балалардың физикалық мүмкіндіктеріне сәйкес болып, олардың денсаулығына, көңіл-күйіне зиян келтірмейтіндей деңгейде таңдалуы маңызды:
- ересектерге арналған сахналық немесе эстрадалық би элементтерін орындауға;
- күрделі хореографиялық қозғалыстарды пайдалануға;
- мазмұны балалардың жасына сәйкес келмейтін билерді таңдауға;
- шамадан тыс сахналық грим мен костюмдер қолдануға;
- балалардың жасына сәйкес келмейтін сахналық бейнелер мен қимыл-қозғалыстарды қолдануға жол берілмейді.
Ұсынылады:
- қарапайым ұлттық би элементтері;
- ойын-би формасындағы жеңіл қозғалыстар;
- топтық және шеңбер бойымен орындалатын билер.
Мұндай би түрлері балалардың шығармашылық белсенділігін арттырып, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын қалыптастыруға, сондай-ақ ұжыммен әрекет ету дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Қойылымдар қысқа, мазмұнды және балалардың қабылдауына жеңіл, жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылып, олардың танымдық қызығушылығын арттыруға, шығармашылық белсенділігін дамытуға және ұлттық құндылықтарды таныстыруға бағытталуы қажет.
Мерекелік бағдарламаларда балаларды белсенді қатыстыру, олардың өз ойын еркін жеткізуіне және ұжымдық әрекетке қатысуына мүмкіндік беру маңызды.
Сонымен қатар, қойылымдардың мазмұны тәрбиелік бағытта, достық, бірлік, мейірімділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты құндылықтарды насихаттауы тиіс. Мысалы:
- Наурыз көже дайындау дәстүрі туралы бірлескен әрекет;
- үлкендерден бата алу, шашу шашу дәстүрін сахналау;
- киіз үй және ұлттық бұйымдармен таныстыру;
- ұлттық ойындар, турнирлер өткізу;
- достық пен бірлік, табиғаттың жаңаруы, қорғау туралы танымдық әңгімелер;
- театрландырылған ойындар;
- шығармашылық әрекет;
- ән мен тақпақтар байқауы, айтыс;
Мұндай жұмыстар балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық мәдени мұраға деген құрмет сезімін қалыптастыруға және ұжымдық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
4. Мерекелік шараларды ұйымдастыруда:
Мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру барысында балалардың қауіпсіздігін, эмоционалдық жай-күйін және жас ерекшеліктерін ескеру басты назарда болуы тиіс. Мереке балаларға жағымды әсер қалдырып, олардың шығармашылық белсенділігін арттыруға және ұжымдық ортада еркін әрекет етуіне жағдай жасауға бағытталуы қажет.
Сонымен қатар, мерекелік шараларды өткізу кезінде балалардың шаршап қалмауын қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты келесі талаптарды сақтау ұсынылады:
- залдың, топтың/сыныптың безендірілуі балалар үшін қауіпсіз болуы, қолжетімді материалдардан жасалып, мүмкіндігінше балалармен бірлескен шығармашылық жұмыстардың нәтижелерімен безендірілуі;
- мерекелік бағдарламаның ұзақтығы 20-30 минуттан аспауын қамтамасыз ету;
- сценарийдің мазмұны мен құрылымы балалардың жас ерекшеліктеріне және қабылдау мүмкіндіктеріне сәйкес болуы;
- барлық музыкалық және сахналық материалдарды алдын ала әдіскермен немесе жауапты мамандармен келісу;
- балалардың сахнадағы қауіпсіздігі мен эмоционалдық жай-күйіне ерекше назар аудару, артық толқу немесе шамадан тыс жүктеме болдырмау;
- отбасы мен балабақша ынтымақтастығын нығайту мақсатында «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі», «Жас аналар мектебінің» жұмыстарын жандандыру;
- аниматорларды және ақылы қызмет көрсететін бөгде адамдарды шақырусыз өткізу ұсынылады.
Сонымен қатар мерекелік шараларды ұйымдастыру кезінде қарапайымдылық, тәрбиелік мазмұн және ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттау қағидаттарын сақтау маңызды.
Мұндай тәсіл балалардың мерекені табиғи әрі мазмұнды түрде қабылдауына, ұлттық дәстүрлермен жақынырақ танысуына және ұжымдық ортада жағымды эмоция алуына мүмкіндік береді.
Мектепке дейінгі ұйымдарда, мектепалды сыныптарда Наурыз мерекесіне арналған шаралар ұлттық мәдениетті дәріптейтін, тәрбиелік маңызы жоғары іс-шара ретінде ұйымдастырылуы тиіс.
Сондықтан мерекелік бағдарламаны әзірлеу кезінде мектеп жасына дейінгі балалардың тәрбиелік және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін, әсіресе, той, хит әндерді орындауға, ересектерге арналған би композицияларын қоюға қатаң тыйым салынады!