18 мамыр күні балабақшада мектепалды даярлық «Қарлығаш», «Бәйтерек» топтарының балалары арасында «Көшбасшы-2021» интеллектуалдық ойыны өтті.
Ойынның мақсаты: балалардың әр салада білімдерін кеңейту, білім деңгейін, шығармашылық ізденісін байқау. Ойы жүйрік, танымдық деңгейі жоғары интеллектуалдық балалардың дарынын ашу, белсенділіктерін арттыру, білімдерін көтеру. Жарысуға, жарыста жеңімпаз болуға ұмтылуын дамыту, көшбасшылық қабілеттерін ояту, сұрақтарға толық жауап беру дағдысын қалыптастыру.
Екі топтан он тәрбиеленуші қатысты. Ойын «Бәйге», «Жеті жұрттың тілін біл», «Қызықты тоғыздық», «Жорға» атты төрт кезеңге бөлінді.
Әрбір кезеңде балалар өз білімдерін,тапқырлықтарын көрсетті.
Ойынның шарты бойынша ұпай саны аз бала ойыннан шығып отырды. Ойынға белсене қатысқан Қанат Медина, Нығметулла Үкілім, Төлеу Айсұлтан, Мұхтар Раушан, Ерполат Алихан, Бекмағамбет Дариға, Асқарқызы Сара алғыс хатпен марапатталды. Жинаған жоғары ұпайлары бойынша ойын көшбасшылары анықталды: Бекенова Айару ІІІ-орын, Қылышбай Нұрхан ІІ-орын, Дәулетұлы Ислам І-орынға ие болды.
Болашақта мектеп табалдырығын аттағалы отырған білімді, ақылды, жүйрік тәрбиеленушілерімізге сәттілік тілейміз!