21.04.2026
Бүгін мектепалды даярлық топтардың ашық қорытынды ұйымдастырылған іс-әрекеттері басталды. Мектеппен сабақтастық жұмысын нығайту мақсатында іс-әрекеттерге қатысуға мектеп-гимназия және жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімдері шақырылды.
Алғашқы болып «Қарлығаш» тобының тәрбиешісі Утебаева Э.Т. және музыка жетекшісі Биртаева Н.Б. «Көктем әуенімен әріптер әлеміне саяхат» тақырыбында кіріктірілген іс-әрекет өткізді. Мақсаты: әріптерді таныстыру, сөздегі дыбыс түрлерін ажырату және дұрыс дыбыстау, сөздерге дыбыстық талдау жасату арқылы есте сақтау қабілеттерін дамыту, сөйлеу, зейін, есте сақтау, елестету, жұппен, топпен жұмыс істеу, ақпаратты талдау қабілеттерін дамыту, табиғатқа деген қызығушылықтарын арттыру, әнді таза, жеңіл айту дағдысын қалыптастыру, қимыл қозғалыс арқылы музыканы сезіну қабілетін дамыту. Іс-әрекет барысында балалар түлкі кейіпкермен бірге дыбыстық талдау, буынға бөлу, суреттер арқылы сөз құрау тапсырмаларын орындады, дидактикалық ойындар, тыныс алу, логоритмикалық жаттығулар жасады, ырғақты ойын ойнады. Қорытынды бөлімінде жасанды интеллект арқылы талдау жасады.
«Балбөбек» тобының тәрбиешісі Нажмиденова А.С. «Ғажайып білім әлемінде» тақырыбында іс-әрекет ұйымдастырды. Мақсаты: дыбыс туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыру, сөйлеу тіліндегі дыбыстарды есту арқылы ажыратуға үйрету және сауат ашуға қызығушылықтарын арттыру.
Балалар іс-әрекетке белсенділік танытып, «Тауық пен тышқан» ертегісін сахналады. Олар Тышқан және көмекке келген досы Ботлимен дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырату тапсырмаларын, дыбыстық талдау, мнемокестемен әңгіме құрастыру, тіл жаттығулар, шығармашылық жұмыс жасады. Қызығушылықпен орындаған тапсырмалар нәтижесінде білім кілтін тапты және іс-әрекет қорытындысын жасады.
«Балдырған» тобында тәрбиеші Апсаматова А.Н. және дене тәрбиесінің нұсқаушысы Габидуллина А.А. «Сиқырлы сандар!» тақырыбында кіріктірілген іс-әрекет ұйымдастырды. Мақсаты: дене шынықтыру арқылы математикаға танымдық қызығушылықты дамыту, 10 көлеміндегі сандарды салыстыру, жиынның бөліктерін санау, заттарды салыстыру, геометриялық пішіндерді атау.
Балалар степ-платформада жалпы дамытушы жаттығулар жасап математикаға байланысты «Бақамен бірге сандар жолымен саяхат», «Шұлықтарды сандармен, пішіндермен сәйкестендір», «Санап үйрен», «Жұлдыз құртты сан ретімен жасау» қызықты тапсырмалар орындады.